2015 жылғы 18 мамыр, Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру және «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты В.Н.Редкокашиннің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Қ.Сәрпековтің,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары З.Х.Баймолдинаның,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ғ.Б. Аққуованың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ж.Қ.Асановтың,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары М.Ө.Қалқабаевтың,
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Н.Ашықбаевтың,
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбекованың,
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы З.Ж.Оразалиеваның,
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті Төрағасының орынбасары Д.В.Голобурданың,
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы В.А.Калюжныйдың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Қазақстан Республикасы Парламенті 2015 жылғы 19 ақпанда қабылдаған және 2015 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға берілген, «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы өтінішін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қ.Қ.Жақыповтың Қазақстан Республикасы Конституциясының кейбір нормаларына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі А.М.Нұрмағамбетовтің хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар: медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның директоры С.А.Алтынбековтің; тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Астана Медициналық университеті» Акционерлік қоғамының Қазақстан тарихы және философия кафедрасының меңгерушісі Т.М.Әминовтің; заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтының директоры М.С.Бейбітовтің; филология ғылымдарының докторы, профессор, «ҚГЗУ Университеті» Акционерлік қоғамының қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Ж.С.Бейсенованың; медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Спорттық медицина» Модулінің жетекшісі Г.П.Қасымованың; заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасы Заң шығару институты» мемлекеттік мекемесінің бас ғылыми қызметкері С.М.Рахметовтің қорытындыларын зерделеп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, «ҚГЗУ Университеті» Акционерлік қоғамының, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің пікірлерімен, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, халықаралық-құқықтық актілерді, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
анықтады:
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2015 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының, Қазақстан Республикасы Парламенті 2015 жылғы 19 ақпанда қабылдаған және 2015 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға берілген, «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында қарау туралы өтініші келіп түсті.
2015 жылғы 16 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына мынадай: «Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағында ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады деп жазылған. Осыған байланысты, мемлекет осы конституциялық норманың іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 2-тармағында көзделген құқықтарды шектейтін заңдар қабылдауға құқылы ма?» деген мәселеге қатысты ресми түсіндірме беруді сұрап, Конституциялық Кеңеске өтінішпен жүгінді.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 26-бабының 2-тармағына сәйкес бұл көрсетілген өтініштер Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 16 сәуірдегі № 3/1 қаулысымен бір конституциялық іс жүргізуге біріктірілді.
Конституциялық Кеңес, аталған өтініштерді қарау кезінде, келіп түскен заңдардың конституциялығын тексеруден бұрын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының өтінішіне нысана болып отырған бөлігінде ресми түсіндірме берілуге тиіс деп пайымдайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын өтініштер нысанасына қатысты талдап шығып, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады және олар Негізгі Заңда тұжырымдалған биік мақсаттар мен базалық қағидаттардан заңды түрде туындайтын Республиканың іргелі конституциялық құндылықтары қатарына жатады. Өзінің жиынтығында олар ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді, егемендіктің иесі, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын Қазақстан халқының сақталуы мен дамуының шарттары ретінде көрінеді.
Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларында, мемлекет адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына Конституцияда және оған сәйкес келетін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген шектерде кепілдік береді, олар осы құқықтар мен бостандықтарды іске асырудың шарттары мен тәртібін айқындайтын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау кезінде түбегейлі болып табылады. Көрсетілген құқықтық ұстаным Қазақстанның қолданыстағы құқығының тұжырымдамалық құрамдас бөлігі болып табылады, деп бірнеше рет атап өтілген болатын (1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2, 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8, 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4, 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 және басқалар).
Осы конституциялық ережелер балалардың арнайы құқықтық мәртебесін салалық заңнамада кейіннен бекіту және реттеу үшін, балалықты қорғаудың кешенді мемлекеттік жүйесінің әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық бастауларын қалайды.
Өзінің жас шамасына байланысты балалар күшейтілген қорғауды және қамқорлықты қажет ететіндіктен, Республика Конституциясы кәмелетке толмағандардың толыққанды және үйлесімді дамуына қажетті барлық жағдайды жасау және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа теріс қол сұғушылықтан және әртүрлі жайсыз факторлардың ықпалынан, оның ішінде денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау міндетін мемлекетке жүктейді.
2. Конституцияның 20-бабының 2 және 3-тармақтарына сай әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Бұл ретте Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.
Конституцияның 20-бабының 2-тармағында көзделген конституциялық құқық заңдармен айқындалатын шектерде және тәртіппен жүзеге асырылады, және Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағымен белгіленген, ешбір жағдайларда да шектелмеуге тиіс құқықтар мен бостандықтардың тізбесіне кірмейді. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес ол конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін (Конституциялық Кеңестің 2002 жылғы 4 сәуірдегі № 2, 2002 жылғы 5 тамыздағы № 5 және 2004 жылғы 21 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулылары).
Заң шығарушы, осындай заңдарды қабылдай отырып, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мән-жайын бұрмаламай және конституциялық тұрғыдан айқындалған мақсатқа сай келмейтін шектеулер енгізбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шектерін негізге алуға міндетті (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 және 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулылары).
Конституциялық Кеңестің бұл құқықтық ұстанымдары жалпы жұрт таныған халықаралық актілердің ережелеріне негізделеді.
Бала құқықтары декларациясында (Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1959 жылғы 20 қарашадағы 1386 (XIV) қарарымен қабылданған) «балаға заңмен және өзге де құралдармен арнайы қорғау қамтамасыз етілуге және оның дене бітімі, ақыл-есі жағынан, имандылық, руханилық және әлеуметтік тұрғыдан салауатты және дұрыс жолмен, еркіндік және қадір-қасиет жағдайында дамуына жол беретін мүмкіндіктер мен қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы мақсатта заңдар шығарған кезде баланың мүдделерін неғұрлым жақсы қамтамасыз ету басты назарда тұруға тиіс», деп атап өтіледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1966 жылы 16 желтоқсанда қабылдаған және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-ІІІ Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде «әрбір бала нәсілiне, түр-түсiне, жынысына, тілiне, дiнiне, ұлттық, немесе әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк немесе туу жағдаяттарына қарамастан, ешқандай кемсiтусіз отбасы, қоғам және мемлекет тарапынан, өзiнiң жас шамасы талап ететiн тиiстi қорғау шараларын иеленуге құқылы» деп белгіленген (24-баптың 1-тармағы).
Бала құқықтары туралы конвенция (Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған) қатысушы мемлекeттерді баланың игілігі үшін қажeтті қорғау мен қамқoрлықты қамтамасыз eтуге (3-баптың 2-тармағы), және баланың тәніне жасалатын немесе психологиялық түрдегі зорлық-зомбылықтың, қорлау немесе теріс қылықтардың бaрлық нысандаpынан қорғау мақсaтында барлық заңды, әкімшілік, әлеуметтік және ағартушылық шараларын қабылдауға (19-баптың 1-тармағы) міндеттейді.
Конвенцияның 13-бабына сай «бала өз пікірін еркін білдіруге құқылы; бұл құқыққа шeкараларға қарамастан ауызша, жазбаша немесе баcылым нысанында, көркемөнер шығармaсы нысанында не болмаса балaның өз таңдауы бойынша басқа да құралдаpдың көмегімен әр түрлі ақпарaт пен идеялaрды іздеу, алy және беpу еркіндігі кірeді. Осы құқықты жүзеге асыpу кейбір шeктеулерге әкеп соғуы мүмкін, алайда, бұл шектеулер тек заңмeн көзделген және:
а) басқа да aдамдардың құқықтаpы мен абыройын құрметтеу үшін; немесе
b) мемлекеттік қауіпсіздікті немесe қoғамдық тәртіпті нe болмаса халықтың pухани ізгілігін қорғау үшін қажет шектеулер ғaна болуы мүмкін».
Конвенцияның 17-бабына сәйкес «қатысушы мемлeкеттеp бұқаралық ақпарат құралдaрының маңызды рөлін таниды жәнe баланың әр түрлі ұлттық және халықapалық ақпарат көздерінен алынған ақпараттар мен материалдарға, әсіpесе баланың әлеуметтік, рухани және моральдық тұрғыдағы рухани ізгілігіне, cондай-ақ тән және психикалық жағынaн салауатты дамуына көмектесуге бағытталған ақпараттар мен материалдарға қол жеткізуін қамтaмасыз етеді. Осы мақсатта қaтысушы мемлекеттер баланың салауаттылығына залал келтіретін aқпаpаттаpдан жәнe материалдардан oны қoрғаудың тиісті қағидаттарын әзірлеyді көтермелейді».
Осылайша, Конституциялық Кеңес, мемлекет Конституцияның 27-бабының 1-тармағынан туындайтын балалықты қорғау жөніндегі өз міндеттемелерінің іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында, Негізгі Заңның 20-бабының 2-тармағымен көзделген адам құқығын шектейтін заңдарды қабылдауға және кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, олардың дене бітімі жағынан, имандылық, руханилық және психикалық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға жауап беретін тұлғаларға қосымша міндеттер жүктеуге хақылы деп пайымдайды.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеріліп отырған «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» (бұдан әрі – №1 Заң) және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бұдан әрі – №2 Заң) Қазақстан Республикасының заңдарын Республика Парламенті оның депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен, белгіленген конституциялық рәсімдерді сақтай отырып, балалардың өздерінің жасына сәйкес ақпарат алу және тарату құқықтарын іске асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу үшін қабылдады және ол балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға бағытталған.
Конституцияның 61-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес Парламент заң нормаларын белгілеуге және Конституцияға сәйкес жеке және заңды тұлғалар қызметінің шарттары мен олардың жауапкершілігін заңмен айқындауға хақылы (Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы 23 тамыздағы № 6, 2008 жылғы 15 қазандағы № 8, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 және басқа нормативтік қаулылары).
№ 1 Заңның 4-бабының 3) тармақшасында балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі балаларды тиісінше тәрбиелеу және толыққанды дамыту мақсатында тарихи және өзге де дәстүрлерді, қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарын ескеру болып табылатындығы белгіленген.
Бұл норма Қазақстан Республикасы азаматтарының тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндеттілігі туралы конституциялық талаптан (Негізгі Заңның 37-бабы), сондай-ақ Балалардың тірі қалуын, қорғалуын және дамуын қамтамасыз ету туралы бүкіләлемдік декларациядан (Бүкіләлемдік жоғары деңгейдегі кездесуде балалар мүддесіне орай 1990 жылғы 30 қыркүйекте қабылданған) туындайды, оған сәйкес «әртүрлі елдердегі әртүрлі мәдени және әлеуметтік құндылықтарды ескере отырып, балалар құқығы туралы ақпарат ұсыну жөніндегі бағдарламаларды бүкіл әлемде жүргізу керек».
№ 1 Заңның 8-бабының 1-тармағына сәйкес жас сыныптамасы жүзеге асырылмай, ақпараттық өнімнің айналымына тыйым салынады. Бұл талап әркім заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат таратуға құқылы ғана емес, Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті де, деген конституциялық нормалармен үйлеседі (Негізгі Заңның 20-бабының 2-тармағы және 34-бабының 1-тармағы).
№ 2 Заң бірқатар заңнамалық актілерге № 1 Заңда белгіленіп отырған құқықтық реттеу тәртібінен туындайтын өзгерістер мен толықтыруларды енгізеді.
Тұтастай алғанда, № 1 Заңдағы және № 2 Заңдағы шектеулер мен тыйымдарға заң жүзінде жол беріледі.
4. Бірқатар нормативтік қаулыларда Конституциялық Кеңес адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиiс, яғни оның нормалары жеткiлiктi дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерiн өзiнше пайымдау мүмкiндiгiн жоққа шығара отырып, заңдылы мiнез-құлықты заңсыздығынан мейлiнше айқындықпен ажыратуға мүмкiндiк беретiн түсiнiктi өлшемдерге негiзделуге тиіс деп атап көрсетті (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5, 2014 жылғы 11 маусымдағы № 2 және басқалар).
Алайда, талдау көрсеткендей, № 1 Заңның және № 2 Заңның жекелеген ережелері жеткілікті түрде айқын тұжырымдалмаған, соның салдарынан оларды қолдану кезінде адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылу ықтималдығы жоққа шығарылмайды.
4.1. № 1 Заңның 5-бабының 2) тармақшасына сәйкес балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы уәкілетті органды айқындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған, ал 1-баптың 13) тармақшасына сай балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган осындай уәкілетті орган болып табылады.
№ 1 Заңның көрсетілген нормаларының мазмұнынан Республика Үкіметінің уәкілетті органды қалай айқындайтыны – қызмет атқарып отырған орталық атқарушы органға қосымша функциялар жүктейтіндігі немесе жаңа уәкілетті орган құратындығы түсініксіз.
Сонымен бірге, Конституцияның 44-бабының 3) тармақшасында, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» 1995 жылғы 18 желтоқсандағы № 2688 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 3-бабында, 22-бабының 2-тармағында және 23-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының Президенті Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды, Республиканың орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады деп бекітілген.
Конституцияда болсын, аталған Конституциялық заңда болсын, Үкіметтің уәкілетті органды айқындау жөніндегі өкілеттіктері көзделетін нормалар жоқ.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы» Конституциялық Кеңестің 2013 жылғы 16 мамырдағы № 2 қосымша қаулысында «Мемлекет басшысының мемлекеттік органдарды құру жөніндегі конституциялық құзыретінен (Конституцияның 44-бабының 3), 5), 12), 18 – 20) тармақшалары) келіп шығатын Республика Президентінің мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктерін айқындау жөніндегі құқығы шектелмеуге тиіс» деп түсіндірілді.
Осылайша, № 1 Заң, Республика Үкіметіне орталық атқарушы органның мәртебесі бар уәкілетті органды айқындау бойынша өкілеттік бере отырып, Мемлекет басшысының көрсетілген құқықтылығын құқыққа сыйымсыз түрде тарылтады, ал бұл Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық-құқықтық мәртебесінен туындайтын, оның дара басшылық өкілеттіктерін бекітетін Конституцияның 44-бабына қайшы келеді (Негізгі Заңның 40-бабы).
4.2. №1 Заңның 4-бабының 4) тармақшасына сәйкес балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясат, оның ішінде, балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпаратты еркін алу және тарату құқығын шектеуге жол берілетіндігі қағидатына негізделеді.
Бұл норма Конституцияның 39-бабы 1-тармағымен («Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары ... тек заңмен шектелуі мүмкін.») үйлеспейді, өйткені онда тиісті шектеулер көзделетін нормативтік құқықтық актінің нысаны көрсетілмеген (Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысы).
4.3. №1 Заңның 12-бабының 1) тармағына сәйкес «14 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өніміне сондай-ақ есірткіні, психотроптық заттар мен прекурсорларды, темекі бұйымдарын, алкоголь өнімін қоғамға қарсы әрекеттерге итермелеуші ретінде оларға әуестенуді жазғыратын, оларды тұтынудың қауіптілігі туралы ескертуі бар эпизодтық сипаттаудың және (немесе) бейнелеудің ақталған жанрын және (немесе) сюжетін қамтитын ақпараттық өнім жатады.
Мамандандырылған дереккөздерде «прекурсорлар» деген ұғым жеткілікті түрде кең түсіндірілетінін және олар жаңа затты құрауға әкелетін реакцияға қатысатын кез келген химиялық заттарды қамтитынын атап өткен жөн. Прекурсорлардың кейбір түрлері заңды негіздерде өнеркәсіптің, медицинаның, ауыл шаруашылығының, көлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, тұрмыста және басқа да салаларда пайдаланылады. Бұл заттар туралы мәліметтер адамдардың кең тобына қол жетімді. Заң шығарушы прекурсорлардың бәрін емес, дәл айтқанда есірткінің, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының прекурсорларын насихаттауға тыйым салынатынын атап өткені жөн болар еді.
Конституциялық Кеңес, № 1 Заңның 12-бабы 1) тармақшасының редакциясы оның мазмұнын орынсыз кең түсіндіруге, демек, өз еркінше қолдану мүмкіндігіне де жол береді деп пайымдайды.
4.4. Бұдан бұрын Конституциялық Кеңес, конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және әділдік талаптарына жауап берсе, тепе-тең, мөлшерлес және конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін демократиялық мемлекетте қажет болса, құқықтар мен бостандықтарды шектеуге себеп бола алады деп атап көрсеткен болатын (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулы).
Конституциялық Кеңестің бұл құқықтық ұстанымымен №1 Заңның 15-бабы 3-тармағының нормасы ұштаспайды, ол телекоммуникация желілері арқылы таратылатын ақпараттық өнімді қоспағанда, балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімді таратуға жол берілмейтінін айқындайды.
Конституциялық Кеңес, заң шығарушы тарапынан осы тыйымның қолданылуының нақты шарттары мен шектері (араларында мұндай ақпараттың айналымына жол берілмейтін тұлғалар санаты, бұқаралық ақпарат құралдарының уақыты, орны, түрлері және т.б.) анық айқындалмаған, бұл мұндай ақпаратты балалардың арасында да, кәмелетке толғандардың арасында да таратуға жол берілмейді дегенді білдіреді деп кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді деп есептейді.
4.5. № 2 Заңның 1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасын 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚтК) 134-бабындағы (екінші бөлігі) саралау белгілерін анықтау бөлігінде тексеру кезінде Конституциялық Кеңес оның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінен құқықтық норманың мазмұнын бұрмалайтын, оны біржақты түсінуге және қолдануға мүмкіндік бермейтін мағыналық сәйкессіздікті анықтады.
ӘҚтК-тің көрсетілген бабының екінші бөлігі қазақ тілінде былай деп жазылған: «2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап, сол сияқты телекоммуникация желілері пайдаланыла отырып жасалған әрекет». Ал орыс тілінде ӘҚтК-тің бұл ережелері мынадай редакцияда тұжырымдалған:
«2. Действие, предусмотренное частью первой настоящей статьи, совершенное повторно, а равно с использованием сетей телекоммуникаций в течение года после наложения административного взыскания».
Айтылғаннан келіп шығатыны, егер қазақ тіліндегі мәтінде «әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде» деген сөздер тек қайталау белгісіне ғана қатысты болып, ал телекоммуникация желілерін пайдалану құқық бұзушылықтың жасалу уақытына байланыссыз дербес саралаушы белгі болып табылса, қаралып отырған норманың орыс тіліндегі редакциясында «әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде» деген сөздер екі саралаушы белгіге – қайталанушылыққа және телекоммуникация желілерін пайдалануға қатысты.
Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысынан және Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 нормативтік қаулысынан келіп шығатыны, қазақ және орыс тілдерінің қолданылудағы теңдігі сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің заң түріндегі тең маңыздылығын білдіреді, ал құқықтық норманың мазмұнын бұрмалайтын және оны біржақты түсінуге мүмкіндік бермейтін мағыналық сәйкессіздік, Республика Конституциясының 7-бабы 2-тармағының мазмұнына негізделе отырып, мұндай норманың практикада қолданылуын жоққа шығарады.
Қаралып отырған заңдардың бірқатар ережелері заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі туралы конституциялық қағидаттан (Негізгі Заңның 14-бабы) туындайтын, заңнамалық талаптар заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және салдары болжамды, айқын және бір мағыналы болуға тиіс деген талаптарға сәйкес келмейтінін жоғарыда баяндалған кемшіліктер айғақтайды. Өйткені мұндай теңдік құқықтық норманы бірізділікпен түсінгенде, түсіндіргенде және қолданғанда ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Бұзғаны үшін жауаптылық белгіленетін қағидалар олардың іске асырылуына міндетті тұлғалар үшін де, олардың орындалуын бақылайтын мемлекеттік органдар үшін де нақты әрі түсінікті болуға тиіс.
Қаралып отырған заңдарда көзделген жекелеген тыйымдар мен шектеулер қаншалықты құқылы болғанымен, оларды дайындау және қабылдау кезінде жол берілген құқықтық сипаттағы елеулі кемшіліктер заңдарды тұтастай алғанда Конституцияның талаптарына жауап береді деп бағалауға мүмкіндік бермейді.
Осылайша Конституциялық Кеңес «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармағына, 14-бабына, 20-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1-тармағына, 40 және 44-баптарына сәйкес келмейді деген ұйғарымға келді.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын және 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабы 1-тармағының нормасын, Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағымен өзара байланыстылығында, өтініш нысанасына қатысты, мемлекет неке мен отбасын, ана мен әкені және баланы қорғау жөніндегі өз міндеттемелерін орындау мақсатында, Конституцияның 20-бабының 2-тармағында көзделген адам құқығын шектейтін заңдар қабылдауға хақылы деп түсінген жөн.
2. Қазақстан Республикасы Парламенті 2015 жылғы 19 ақпанда қабылдаған және 2015 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға берілген «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 1-тармағына сәйкес «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойылмайды және олар қолданысқа енгізілмейді.
4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.
5. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.РОГОВ.